Добро пожаловать на Info Orda - Информационную Орду, где ты можешь быть в курсе самых главных событий в Украине и во всем мире! Мы предлагаем тебе уникальное описание сайта, которое захочется перечитывать снова и снова.

Get in Touch

«Солтүстікте неміз бар?»


Маңғыстаудағы қандастар қалай өмір сүріп жатыр


Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап жүздеген мың этникалық қазақ түрлі мемлекеттен Маңғыстау облысына қоныс аударды. Негізінен бұл жаққа Өзбекстан мен Түркіменстаннан көшіп келеді, бірақ Түркия, Иран және Сауд Арабиясының қазақтары да бар.

Осы жылдар аралығында аймақта негізінен қандастар тұратын ауылдар мен аудандар қалыптасты. Маңғыстауға келген қандастардың көп бөлігі қоныстанып, бейімделе алғанымен, соңғы келген қандастарға аймақта тіркеуге тұруға мүмкіндік бермей, оларды солтүстікке жолдап жатыр.

Власть мақалалар сериясында қазақтардың тарихи Отанына қалай оралып жатқанын баяндайды. Алғашқы материал Қазақстанға келген қандастар ең көп орналасқан өңір – еліміздің оңтүстік-шығысынан болған еді. Ал екіншісі – Қазақстанның батысындағы Маңғыстау облысынан.

Ақтаудың шет жағында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ғимараты тұр. Оған кіретін жол қоршау және шлагбауммен қоршалған. Бірақ есігі әрдайым ашық. Оның артында екі мемлекеттік жатақхана бар екенін байқайтындар аз. Тұрғындары жуылған кілем іліп қойған қоршаулардың екінші тізбегі жатақханаларға кірер есікті жауып тұр.

Аулада балалар волейбол ойнап, доп теуіп, шеңбер құрып жүр. Бұл бастапқыда қаладағы кез келген тұрғын үйдің ауласындағы әдеттегі көрініске ұқсайды, бірақ балалар жартылай бұзылған жолдың ортасында ойнап жатыр. Оларға қарама-қарсы жақта – қасбеті тозып, әбден ескірген ғимараттар. Балалардың көңілді ойыны мен аулаға әлсін-әлсін кіріп-шығып жатқан көлік жүргізушілері мен әлеуметтік қызметкерлердің шаршаңқы жүзі алма-кезек алмасады. Олар опырылған пандустан түспек болып жатқан мүгедектер арбасындағы адамдарды күтіп отыр.

Ауланың іші үнемі азан-қазан. Жас жігіттер жиһазды, құрылыс материалдарын, жамылғы мен басқа да заттарды жатақхана қабаттары арасында ары-бері тасып жатады. Ересек әйелдер оларды түсіруге көмектеседі. Ал кейбіреулер, керісінше, көшіп жатыр.

Ғимарат ішіндегі қабырғалар балалардың шимай суреттеріне толы. Ең жиі кездесетіні – балалардың қызыл түсті бояуға малынған алақан ізі. Шамалы уақыттан соң балалардың фотоаппаратқа қызығуы күдікке ұласты. Бізді қоршап алып, неліктен түсіріп жатқанымызды сұрай бастады.

Ғимарат кіреберісіндегі тақтайшалардың біріне «Ақтау тұрғын үй» мемлекеттік коммуналдық мекемесі» деп жазылған. Оның жанында «Рай» – әлеуметтік шұғыл көмек орталығы. Орталықтың өз коменданты да бар, бірақ бүгін мереке – Республика күні. Ертең Ақтауда мерекені кең көлемде – марафон мен жаңбыр астындағы іс-шаралармен атап өтпек.

Ақтау тұрғындары бұл жерді «Оралмандардың үйі» ретінде біледі. Бірақ екінші жатақханада қандастар толық емес отбасылармен және мүгедектігі бар адамдардың отбасымен бірге тұрады. Сондағы бір тұрғынның айтуынша, бірінші жатақханада жетімдер тұрады.

Қандастарды іздеп, қабаттарды аралап, әр есікті қағып келеміз. Алдымыздан таксиге асығып бара жатқан отбасы кезікті, тойға асығып барады екен.

«Мен мүгедекпін. Бұған дейін Маңғышлақ станциясында тұрғанмын, қалаға сағаттап жол жүріп жететінмін. Ал мына жерде пәтер береді екен. Бірақ мұндағы жағдай қандай. Линолеум жоқ, шамды, теледидарды жұлып алған. Бұрынғы жалға алушылар тіпті әжетханасын жұлып алып кеткен пәтерлер бар, – дейді жатақханада тұрып жатқан әйел. Бұдан соң тіптен ашуына мінді. – Бұл жерден оралмандарға пәтер береді. Ал маған бермеді. Талас-тартыспен алдым. Бұл неткен бассыздық? Олардың отбасы мүшелері толық, әйелі мен күйеуі жұмыс істейді. Әрі осында тұруын жалғастырады… Оралмандар».

«Оралмандар» сөзі айтылған сәтте жанымыздан өтіп бара жатқан майка киген жігіт бізге кілт бұрылды. Бірақ ештеңе айта алмастан жоғарыға көтеріліп кетті.

Жаңағы әйел қандастар нешінші қабатта тұратынын айтып берді. Олардың көпшілігі Иран мен Сауд Арабиясынан келген. Ересектер жұмыста болғандықтан, кейбір есікті тек балалар ашты, ал кейбір пәтер әңгімелесуден сыпайы түрде бас тартып, басқа қандас-тұрғындарға сілтеді.

Пәтерлердің бірінде егде жастағы әйел қарсы алып, журналист екенімізді білген соң, көмек сұрай жөнелді.

Пәтерде күлімсі иіс мүңкіп тұр. Еденде ашық сары түсті жарықтың астында жамылғы жамылған қарт ер адам жатыр. Терезенің алдына отбасылық фотосуреттер ұқыпты түрде жинақталған. Светлана Ерғожаева жинақтың ішінен құжаттарды асығыс алып шықты.

Ымырт үйірілді. Осы сәтте адамдар да жұмыстан орала бастады. Бізге Ираннан келген қандастар – Гүлбибі Адай және оның күйеуі Кадех Сүлейманмен тілдесудің сәті түсті.

Үйінің іші жылы әрі жайлы. Олар түпкі бөлмедегі еденге жайғасып, «отан» және «баспана» сөздері тым жиі қайталанатын әңгімені бастай жөнелді.

«1929 жылы атам 16 жасында Иранның Горган қаласына қоныс аударған. Өзі Маңғышлақта туған. Бұл жақтан қысым мен аштық кесірінен кетті. Горганда менің әкем мен алты бауырым дүниеге келді. Қазір ата-анам, бауырларымның барлығы Иранда. Өзім үнемі Қазақстанға қызықтым. Балаларым Қазақстанда өскенін қаладым. Қуанышыма орай, балаларымның жағдайы жақсы. Төрт балам бар – екеуі оқып жатыр, біреуі Алматыда, әл-Фараби университетінде», – дейді Сүлейман.

Артынша ол қайтадан Иран жайлы әңгімеге қайтып оралды. Айтуынша, ол жақта әлі де көптеген қазақ отбасы бар және олардың көп бөлігі Қазақстанға қайтқысы келеді. Бірақ қазір виза бермей жатыр.

«Горганда Қазақстан елшілігі (консулдық – В.) бар. Бірақ виза бермейді. Ал былай, біздің қаламызда қазір тыныш, ешқандай наразылық жоқ. Ол жақта көптеген түркімен мен қазақ бар. Ешкім тиіспейді. Әкемнің жүк көлігі болды, сонымен жұмыс істеді. Ағам мемлекеттік қызметте болды. Ол жақта көпшілігі мемлекеттік қызметте, кейбірі дәрігер болып істейді. Жағдай жақсы. Ол жақта бәріміз бір-бірімізді танимыз. Үш қалада негізінен қазақтар тұрады. Іс жүзінде барлығы бір-біріне туысқан, ол жақта бірнеше ру бар. Өз баламызды басқа халықтарға бермейміз. Отыз мыңға жуық қазақ өмір сүріп жатыр, мейрам кезінде, Құрбан айтта, Наурызда бір-бірімізге барып тұрамыз», – дейді ол.

Әйелі Гүлбибінің айтуынша, олар Қазақстан елшілігіне барып, қоныс аудару туралы сұраған кезде, оларға үй, жұмыс және көшуге қажет бүкіл жағдаймен қамтамасыз етуге уәде берген. Бірақ мүлде бұлай болмай шықты. Сүлейманның айтуынша, олар көшкенде квота болмаған.

«Әрине, бастапқыда қиын болды. Біз жазу (кирилл әліпбиі – В.) түсінбейміз. Қолыма қағаз ұстатып, қол қой дейді. Мен де алып, қол қоямын. Бастысы, балалар бәріне үйренді», – дейді Сүлейман.

«Құжатқа қаншама ақша кетті. Аудармаға, басып шығаруға. Қағазға өте көп ақша жұмсадық», – дейді Гүлбибі.

Сүлейман күзетші болып жұмыс істейді, ал жаздыгүні бақшаға маусымдық жұмысқа шығады. Ол ара-тұра Ирандағы түрлі мерекелерге барып тұратынын айтады. Мұндағы жалғыз қиындық – туыстарының аздығы.

«Шағымданудан аулақпын, бәрі жақсы. Ештеңеге өкінбеймін, Отанымызға қайтып оралдық. Тек мұнда бізді уайымдайтын жақын, жасы үлкен адамымыз жоқ. Мұнда жалғызбыз деуге болады. Иранда заңдар ислами еді. Барлығы Құран мен дінге негізделген. Жазу парсыша. Жергілікті заңдарды да үйрену керек», – дейді ол.

Олар осыған қарамастан барлық қиындықты еңсере алатынына сенеді. Қазір оларға ең ауыр нәрсе – балаларымен бірге жатақханадан шығарып жатқаны.

«Осында тұрып жатқанымызға он жылдан асты. Біздің мәселеміз – үй ғана. Бұл шешілсе, қалғанының бәрі шешіледі. Көріп тұрсыз, біздің балалар оқып жатыр. Қазір қиын уақыт, бәрі қымбаттап жатыр. Бір адамның жұмысымен отбасын асырай алмайсыз, әсіресе пәтерақы төлеуге тура келсе», – дейді Сүлейман.

Оның айтуынша, үйден шығару туралы іс сотқа жіберілген, ал олар бұл жайлы еш білмеген. Іс қағаздарының өзі орыс тілінде жүргізілді. Көшіру туралы қаулы шықты, бірақ басқа барар жері болмағандықтан, отбасы баспана үшін әлі күресіп келеді.

«Мынадай кішкентай балалармен қайда барып тұрамыз? Алғашында мұнда қиын болды, плита нашар еді, тамақ өте баяу дайындалатын. Таңертең дайындай бастасаң, тек кешкісін жейсің. Оған енді үйренісе бастап едік, енді міне, бізді шығарып жатыр. Енді қайда барамыз? Балалардың киімі мен тамағына бөліп төлеу, несие арқылы өйтіп-бөйтіп ақша тауып жүрмін. Ал енді шығарып жатыр – бізге өте ауыр болмақ. Біз әлі де көп нәрсені білмейміз. Көпбалалы аналар үй кезегіне тұрады екен, біз мұны да білмедік. Қазір ғана кезекке тұрдық. Чаттар бар, бәрін сол жерден біліп отырамыз», – дейді Г.Адай.

Сүлейманның айтуынша, оларға солтүстікке көшуді ұсынған. Бірақ ол жақта ешкімі жоқ деуге болады әрі климаты мен тілі тұрғысынан мүлдем жат.

«Иран өте жылы жер еді. Ондағы ең суық қыс Маңғыстаудағы қазан айы сияқты. Қар мен мұз мүлдем дерлік болмайды. Ол жақтың климатына денсаулығым шыдамай ма деп қорқамын. Ондай аязда жұмыс істей алмаймын. Сондай-ақ, әрине, тіл жағынан қиын болғалы тұр, – деді де, әрі қарай жалғады. – Бізге ауылдарыңа қайтыңдар дейді. Иранға. Ол жаққа барып не істемекпін? Балаларым осында. Ол жаққа кетер болсам, мұны көтере алмаспын. Жалпы көптеген қандастың баспана проблемасы бар. Осы мәселе шешілсе, олар осы жаққа көшіп келе бастайтын еді».

Артынша Сүлейман мен Гүлбибі бізге жылы сөз айтып, қазақтың дәстүрі бойынша нан ауыз тигізді.

Қоныс аудару аймағы

Ақтау төңірегінде 2007 жылдан бері Мұнайлы ауданы бар. Бұл ауданның құрылу себебі, дәл осы жаққа қандастар көптеп көшіп келген еді. Түрлі дерек бойынша, мұндағы жергілікті халықтың 80 пайыздан астамы – қоныс аударушылар. Мұнда адамдар өзіне үй тұрғызып, ауылдар 40 мың тұрғынға дейін өсіп жатыр. Мәселен, 2010 жылы осында Батыр ауылы қалыптасты – ол Маңғыстау облысындағы баспана кезегінде тұрғандарға әрі «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қоныс аударушыларға да арнап салынды. Қазір бұл ауылда 10 мыңға жуық адам тұрады.

Маңғыстауда туған қазақстандықтардың қандастарға көзқарасы әртүрлі. Біреуі «қарсы емеспін: олар келіп қойған екен, енді не істейміз», – дейді. Ал құрылыс саласының бұрынғы маманы біздің қандастар туралы материал жазғымыз келетінін білген соң, «Неліктен біз жайлы жазбайсыздар? Бізде мұнда жұмыссыздық, төмен жалақы, несие. Бәрі қиын, неге соны жазбасқа? Бәрі осы жаққа келіп, мұнайда жұмыс істейміз деп ойлайды. Ал орын жоқ. Маңғыстауда халық көп», – деп мұңын айтты. Үшінші бір таксист қандастарды «мобилизациядан қашқан ресейліктерге» ұқсатты.

Ақтаудан ауылдарға бару аса қиын емес – барлығы қаланың айналасында орналасқан. Маңғыстаудың қоңырқай, қатал, жалаңаш алқаптарында тынымсыз құрылыс пен сауда қызып тұр. Адамдар әлі көшіп келіп жатыр.

Маңғыстаудың (бұрынғы Маңғышлақ) аудан орталығына бет алып барамыз. Ауыл бірнеше блокқа бөлінген: Маңғыстау-1, Маңғыстау-2, т.б. Осылай құрылғанына байланысты жалғасып кете береді. Мұнда мешіт, саябақтар, темір жол бар. Базарлар, шаштараз, сауда нүктелері мен үш қабатты кеңестік ғимараттары бар бірнеше тұрғын үй орналасқан орталық бөлік теміржол вокзалына жақын орналасқан.

Бұл жерге кандастар өте көп келіп жатыр. Әрбір екіншісі осында келеді. Бірақ, жалпы, Ақтаудан көбі бұл жаққа тойханаға келеді. Мұнда тойхана өте көп. Үйлену тойлары, тойдың бәрі сонда өтеді», – деді такси жүргізушісі.

Мұндағылар негізінен ауыл шаруашылығымен, уақытша табыспен («шабашка») айналысады, теміржолда істейді немесе Ақтауға жұмысқа барады.

Біз келген күні көшеде тек такси жүргізушілері, қаңғыбас иттер, ешкілер мен тойхана төңірегінде шулаған топ жүр екен. Меланхолиялы күйді тұрғын үйден аққан су ғана үзді. Оның айналасында тұрғындар баяу қимылдап жүр.

Қандас болып шыққан тұрғындардың бірі: «Бір жерден ағып жатыр, түсініксіз, – деп әңгімесін бастады. – Дегенмен бізде бәрі жақсы. Түркіменстаннан көшіп келіп, осында тұрамыз, жұмысымыз бар. Тек қазір келіп жатқан адамдарға қиын. Оларға мұнда тұруға рұқсат етпейді, тек солтүстікке қарай жібереді. Қызымды әрең әкелдім».

Жақын маңда көкөніс, жеміс-жидек пен ет сататын бірнеше дүңгіршегі бар базар бар. Мұнда Нұржамал Серікбаева сауда жасайды. Ол Қарақалпақстанда туылған, 2002 жылы Қазақстанға көшіп келген.

«Аталарым 1932 жылы ашаршылықтан кейін Ақтөбеден Әмударияға, Қарақалпақстанның Ходжейлі қаласына қоныс аударған. Негізі ол жер қожа руынан шыққан адамдар көп тұрғандықтан, Қожалы деп аталады. Бірақ өзбек тілінде бұл атау Ходжейлиге айналды. Басқалар сияқты олар да мал баққан. Әкем әскери бөлімде жұмыс істеді, анам мұғалім болған. Ата-анам зейнетке шыққан соң, 2002 жылы көшіп келдік. Әрине, олар сол жақта көбірек зейнетақы алар еді, бірақ бұл жер де болады», – дейді Серікбаева.

Олар әпке-бауырлы бесеу болып көшіп келген. Серікбаева квота ретінде 120 мың теңге алыпты.

«Көптеген туысымыз көшіп кетті, сондықтан осындай шешім шығардық. Басында қиын болды. Жер ала алмадық, мың доллар тұратын. Үйсіз едік, бір бөлмелі пәтерде тұрдық. Кейін квота бойынша өзімізге үй салуға мүмкіндік алдық. Жұмыспен қамту орталығы арқылы күзетші болып жұмысқа тұрдым, 15 жыл осылай жұмыс істедім. Сосын базарға бардым, несие төлеуге тура келген еді, балам дүниеге келді – оған киім-кешек, тамақ, тағы басқа заттар керек болды», – дейді Серікбаева.

Оның айтуынша, қазір адамдарда қаржы аз болғандықтан, сауда нашарлап кетті. Сөйтіп өзінің де жағдайы нашарлап барады: «Ақшаны үнемдеп жинай алмайсың, кредиттен кредитке дейін».

«Бір-бірімізбен араласып тұрамыз, Ақтаудағы ассамблея жанынан орын ашылды, онда бізге таныс түрлі этностар – қарақалпақтар мен өзбектер өз ұлттық мәдениетін көрсетеді. Ол жаққа бару қызық. Жалпы тілге қатысты мәселелер болды. Біздікі сәл басқаша ғой. Әрине, әзілдер көп болды. Бірақ оған аса мән бермедік, қолымыздан не келеді дейсің. Тіршілікте қалу үшін елемеуді үйренесің. Сонымен, біз бейімделдік, мен өзім адай руынан шыққан жергілікті жігітке тұрмысқа шықтым», – деді де, тұтынушыларға қызмет көрсетуге кетті.

Жырақта

Кішігірім лашық. Бір бөлмесі ас үйге арналған, ішінде теледидар, пеш және батарея бар. Үй іші жылы. Келесі бөлмеге көп көрпе жиналыпты: олар асхана мен жатын бөлмеге арналған.

Бұл жерде Қарлығаш (есімі өзгертілді – В.) үш баласымен және анасымен тұрады. Мұнда олар тамыз айында көшіп келген. Олардың қасында Марат (есімі өзгертілді – В.) отыр – оның Қазақстанға көшіп келгеніне жиырма жылдан асты. Марат оларға көмектесуге тырысады.

«Менің ата-бабам 1913 жылы, атамның алты жасар кезінде, Форт-Шевченко жақтан келген, – дейді Марат, – ашаршылық болып, Красноводскіге (қазіргі Түркіменбашы) кеткен. Ол жақта күн жылы, тарыны 6 ай бойы орады. Кейін ағаш кесті, мұның бәрі Еуропа мен Ресейге жөнелтілді. Кейін қуғын-сүргіннен соң Красноводскіге көптеген қазақ қоныс аудара бастады. 1930 жылға қарай ол жақта біздікілер көп болып, сонда тұтас халыққа айналды. Олар 1960 жылдары Қазақстанға, тарихи отанына қайта бастады».

2007 жылы Қазақстанға көшіп келіп, квотаға қол жеткізіп, қоныстануға мүмкіндік алды. Ол қазір мұнда орнығып үлгерді. Жергілікті тұрғындармен тіл табысып, көптеген адаммен туыс-жолдасқа айналды. Марат Түркіменстаннан жағдайы нашар болғаны үшін көшпегенін айтады.

«Біз түркімен халқынан еш жамандық көрмедік. Бірақ көбі көшіп жатқандықтан этникалық қазақтардың балалары азая бастады. Қызымызды басқа халыққа беру қиын. Біз балаларымызды қазаққа үйлендіреміз деп келдік. Осындай ұстаныммен келіп отырмыз, ал былай түркімен халқы бізге ешқандай жамандық жасамады. Енді міне, қараңыз, оларды Павлодарға жіберіп жатыр. Бұл күтпеген жерден жасалған жауыздық, олар тіркеуден шығып, үйлерін сатып жіберді. Оларды алаяқтықпен осында шақырып, енді Павлодарға жіберіп жатыр», – дейді Қарлығаштың отбасын көрсетіп.

«Біз жақсы тұрдық. Жолдасым екеуміз бір кісінің малын баққанбыз. Ешкім бізді қыспаққа алған жоқ, тек туыстарға жақын болғымыз келгендіктен көштік. Соңында бізге Маңғыстау облысына шақырту берді. Бұлай болатынын білмедік. Үйді сатып, тіркеуден шығып, жұмысты тастадық. Жаңаөзенге таксимен барғалы жатқанымызда такси жүргізушілері көбінің қайтып жатқанын айтты. Елшілікке бардық, қонақүйде 10 күн тұрдық. Осыған бүкіл ақшамыз кетті. Бізге Павлодар облысының мөрі (квота бойынша осы өңірге көшуге рұқсат – В.) берілді. Біз мұнда келеміз – олар бізді Павлодарға қуып жібереді, тіркеуге алмайды. Бізде Павлодарда тұруға ондай ақша жоқ. Қиын, балаларды оқуға апармайды», – дейді Қарлығаш.

«Тым болмаса балаларды оқуға қабылдаса болар еді. Бірінші тоқсан да аяқталып келеді. Балалар оқып жатқан жоқ. Балалардың еш кінәсі жоқ», – дейді Марат.

Қандастарды жергілікті деңгейде қолдайтын ұйымның бар-жоғы туралы сұрағымызға: «Әзірше жоқ, әзірше жоқ» деп жауап береді, бірақ ол осындай ұйым пайда болса деп үміттенеді.

«Бармаған жеріміз жоқ. Мектептің есігін қанша күзеттік. Не істерімді білмеймін. Мұнда қайын енем де бар, ол ауырып жатыр. Бүгін, міне, ауруханаға бардым. Бәріне ақша керек. Өзім әйтеуір қосымша табыс табамын, мына үйді 25 мыңға жалға аламын. Қолымыздан келгенше жарық пен судың ақысын төлеуге тырысамыз», – дейді ол.

Қарлығаш 500-дей адам келгенін айтады. Олар бірге наразылық акцияларына, түрлі кездесулерге барған. Теледидардан сұхбат берген. Бірақ барлығы оларды солтүстікке баруға көндірген.

«Жұмыстан шығып, үйін сатпай тұрып оларға Павлодарға қоныстандыратынын ескерткенде, олар тұрған жерінде қалар еді», – дейді Марат.

«Мөр басқанда, Павлодарға барудың қажеті жоқ, мұнда емін-еркін [қала аласыз], Маңғыстау [облысында] тұра аласыз деді», – дейді Қарлығаш.

Марат та Павлодарға барғандар бар екенін, бірақ оларға жағдай жасалмағанын айтады.

«Ол жақтағылар қандастар келетінінен мүлде бейхабар дейді. Бұйрық келсе, тіркеуге алып, үй беретінін айтқан. Ақыры жігіттер қайтып оралды», – дейді ол.

«Ол жаққа баруға қорқамын. Қайын атам Павлодарға кетті, осындағылар нөмірін берген адамдар қоңырауға жауап бермеді. Барып, үй таппады. Алдымен көріп, барлау жасап қайтсын деп ақша жинаған едік. Жағдай осындай. Туған жерге келген бойда қуанған едік – сосын осындай болды. Міне, үлкен бала – 7-сыныпта, ортаншысы – 4-сыныпта, кішісі екінші сыныпта болуы керек», – дейді Қарлығаш.

Жақын маңда Гүлмираның (есімі өзгертілді – В.) үйі, ол да Қарлығаш пен Марат сияқты Түркіменстаннан келген.

«Біз түркімендерден еш жамандық көрмедік, десек те Отанымызға қайтқымыз келгендіктен осында оралдық. Туыстарымыздың бәрі бізден бұрын көшіп кеткен. Заттарымызды жинап жатқанымызда, жол жабылып қалды, карантин басталған еді. Соның салдарынан туған жерге әрең жеттік, барған бойда Маңғыстауға тіркейміз деп уәде берген. Бірақ олар бізге Павлодардың мөрін берді», – дейді ол.

Гүлмира да үй-жайын, малын сатып, Түркіменбашыға келгенде ғана бұл туралы хабарлағанын айтады. Оның жасы қазір елуде әрі солтүстікке көшуге дайын емес. Күйеуі «шабашка» істеп жүр, ресми түрде жұмысқа тұра алмайды, балалары саудамен қосымша табыс табады.

Жекеменшік сектордың келесі бір бөлігінде әдемі бір үй бар. Онда Түркіменстаннан көшіп келген қандастардың отбасы тұрады.

«Бұл Түркіменстанның жылқылары...», – деп, атай суретті нұсқап қарсы алды.

Біз үйдің ішіне еніп, жерге жайғасамыз. Қарсымызда Бекалы мен Әмина.

«Мен 1942 жылы дүниеге келдім. 1932 жылы ашаршылық кезінде аталарымыз Түркіменстанға көшіп, Ибап деген жерде жұмыс істеді. Мал шаруашылығымен айналысты. Біз осында туған-туыстарымызға, өз жерімізге келдік. Мұнда біздің ата-бабаларымыз, әулетіміздің әулиелері жатыр. Түркімендер бізді қуған жоқ, олар да дәл біз сияқты жақсы. Тек біз үнемі Қазақстан туралы ойлайтынбыз. Ол жақта қазақтар көп болды. Біздің келгеніміз осы – солтүстікке жіберіп жатыр. Сексен жаста солтүстікте не бар? Таңертең осында шығып, серуендеймін. Бізге көмек керек емес, тек қолдау керек. Жалпы, мені жақсы түсінесіз бе? – деп күледі Бекалы. – Түркімендермен бірге тұрып, түркімен тілінен көп нәрсе қабылдадық. Мұнда базарға, дүкендерге барамын – ол жақта маған тесіле қарап, не деп тұрғанымды түсінбейді. Оған да көнерміз. Ең бастысы, балаларымыз қазақ болып қалуды үйренсін».

Ол Түркіменстанда жақсы өмір сүргенін айтады. Ешкім «сен қазақсың» деп сөкпеген. Наны мен басында баспанасы болған.

«Мұнда қызым үй салып, бізді күтіп отырды. Күйеубала – мұғалім, қыздың малы бар. Ол мұнда 20 жыл бұрын келген. Әрине, қазір қиын. Осы жерге қоныстансақ жақсы болар еді. Бізге жұмыс немесе үй қажет емес – жай ғана осында тұруға рұқсат етіңіздер. Біз қарапайым халықпыз, осыған дейін бар айналысқанымыз – ауыл шаруашылығы. Біздің сауатымыз, жоғары біліміміз жоқ. Өмір бойы мал соңында жүрдік. Мұнда жұмыс табамыз. Жеке кәсіпорында жұмыс істеуге болады, әйтеуір өзімізге орын табамыз. Жұмыс көп. Бастысы ішпеу, өтірік айтпау. Қазақстан – жақсы мемлекет, ешбір кемшілігі жоқ. Шекарадан өткенде қуандық. Онда біз мемлекет иелігіндегі малды бағып, бәрін бердік. Енді бізді солтүстікке айдап жатыр», – дейді Бекалы бейқам үнмен.

Ешқандай шектеу болмаса, өзі білетін тағы 50 шақты қазақ отбасы Түркіменстаннан Қазақстанға көшетініне сенімді.

«Қазақстанға келгенімізде, мұндағылар бізді түсінеді, қабылдайды деп ойладық. Енді Павлодар дейді. Ол жақ суық, ал мұнда туыстарымыз, қызымыз бар. Міне, менің немерем 9-сыныпты бітіріп отыр, әрі қарай оқуға түсе алмайды. Ұлым бар, оның үш кішкентайы бар. Олар тіпті жекеменшік мектепке бармайды. Бірақ ештеңе етпес, бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Алла баршамызды мейіріміне бөлесін. Қазақстанда бәрі тыныш болсын. Жастар дамысын, мемлекет игілігіне адал еңбек етсін. Міне, біз президенттің бүкіл айтқанын теледидардан тыңдап отырмыз – ол дұрыс айтады, біз қуаныштымыз», – деп қорытты.

Стиль жизни

Новости

Теги