Қызылорда тұрғындары Сырдарияның тартылуы, күріш егу және қала инфрақұрылымы туралы
Қызылорда облысы республиканың 90 пайызға жуығын күрішпен қамтамасыз етеді, алайда кейінгі жылдары Сырдарияның саяздана бастағаны алаңдатады. Экология проблемасымен бір қатарда қала инфрақұрылымына қатысты мәселелер де бар.
Власть қыстың соңғы күндері Қызылордаға барып, тұрғындармен және жергілікті белсенділермен кездесіп, қаланың даму барысы және күріштен басқа дақыл өсіру талпынысы туралы сөйлесті.
«Алматы мен Астанадан еш жеріміз кем емес»
Қызылорда – Қазақстандағы ірі қаланың бірі, мұнда 277 мыңнан аса адам тұрады, оның 90 пайыздан астамы – қазақ. Қала Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан, ол – Қызылорда облысының әкімшілік орталығы.
Мұндағы әкімшілік орталық басқа қалалардағыдай орталық алаңда емес, қаладан шеткері орналасқан. Қала орталығында көптеген сауда нүктесі, базар және мәдениет орындары, алаң мен университет бар.
Кейінгі бірнеше жылда мұнда бірқатар кофехана ашылған. Солардың бірінде 22 жастағы Әділхан Сағат бариста болып жұмыс істейді. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ақпараттық желілер мамандығы бойынша оқыған.
«Мұнда орналасқаныма көп болған жоқ. Қызылорда ұнайды, бәлкім, үйреніп кеткенімнен болар, бірақ қала өзіме сондай жайлы. Басқа қалада жұмыс істеп көргім-ақ келеді, алайда болашағымды Қызылордамен байланыстырамын, осы жерде отбасын құрғым келеді», – дейді Әділхан Сағат.
72 жастағы Жамалгүл Мизамбекова зейнеткер болса да, жүгері мен попкорн сатады.
«Қызылорда дамып жатыр, Алматы мен Астанадан еш жеріміз кем емес. Жаңадан үйлер салынып жатыр. Бәріне ырзамын, алайда тауар қымбаттап барады. Жұмыс істеп жүргеніме 50 жыл болыпты. Жұмыссыз өмір сүре алмаймын, бірден ауырып қаламын, – дейді Жамалгүл апай желден жасырына күлімсіреп. – Жас кезімізде мал шаруашылығымен айналыстық, ол кезде үй сатып алу ойымызға келмеген, бірақ мүмкіндік болды ғой. Қазір үй алу үшін кезекте тұрмын».
Жамалгүл Мизамбекова
Жамалгүл Мизамбекова немерелерімен бірге екі бөлмелі пәтерді жалдап тұрады, ал балалары жұмыс істеуге басқа қалаларға кеткен. Сөзіне қарағанда, қаладағы ең басты проблеманың бірі – жастардың жұмыссыз болуы. Өзінің 22 жастағы немересі ағаш шебері мамандығы бойынша оқыса да, бар мен кафелерде жұмыс істейді. «Қызым Атырауға кетті, өзімізде жақсы төлесе, осында қалар еді ғой», – дейді ол.
Мұндай проблеманың бар екенін Ғәділхан Есболғанов та айтты. Ол жұмыссыздықтың кесірінен көп адамның саудаға кеткенін айтады. «Қызылорда тұрғындарының жағдайы әртүрлі, алайда үй-күйсіз, аш жүргендер жоқ. Халық күріш өсірумен, мал бағумен айналысады, алайда қазір көбі саудаға кетіп жатыр. Екі дипломы бола тұра, жұмыссыз жүрген жастар бар. Олар амал жоқ болғасын саудаға кетеді. Қалада коммуналдық проблемалар да бар: кей жерде су, жарық жоқ. Өзімізде мұнай өндірілсе де, газ жоқ», – дейді ол.
Әйтсе де, Есболғанов өзге қалаларға оқуға кеткен жастардың қала игілігі үшін жұмыс істеуге қайта оралатынына сенеді. Ол өзі Жамбыл облысында, кейін Мәскеуде оқып, Қызылордаға оралған, зейнетке шыққанға дейін кеден қызметінде жұмыс істеген.
Сырдариядағы су тапшылығы
Қызылорда облысындағы негізгі табыс көзі – күріш өсіру, алайда кейінгі үш жылда қызылордалықтар Сырдарияның саязданып бара жатқанына алаңдайды. 2020 жылдан бері Арал-Сырдария бассейнінде су азайып жатыр, ал Нарын-Сырдария тізбесінде жиналған судың жалпы көлемі 50 пайыздан аспайды. Облыс осы өзендегі суға қатты тәуелді: күріш егістігі 80 мың гектардан астам аумақты алып, жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
«Экология мәселесі сөз болғанда, Қызылорда облысы ең бірінші ойға келеді. Біріншіден, Аралдағы экологиялық апат бар. Байқоңыр бар. Үшіншісі – су тапшылығы. 2021-2022 жылдары қуаңшылық болды, нағыз жұтты көрдік (2021 жылы еліміздің көп өңірінде құрғақшылық болып, кейіннен мал басы көп шығынға ұшырады – В.)», – дейді жергілікті белсенді азамат Болат Нұрғожаев.
Ол өңірдегі экология мәселесін жиі көтереді, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі. Өзі Арал ауданында туып-өскен, кейін қалаға көшіп, экология тақырыбын белсенді түрде көтере бастаған. Қызылорданың сағат белдеуін өзгерту мәселесі бойынша бастамашыл топтың құрамында болған. 2018 жылдың 1 желтоқсанында жергілікті уақытты 1 сағат кейін шегерді.
Болат Нұрғожаев
Нұрғожаев Аралда тұрғанында 2021 жылдағыдай қуаңшылық көрмегенін айтады. «Көшеде бір тал шөп болмады, бәрі жанып кеткендей. Қуаңшылыққа ең бірінші себеп – Арал теңізінің тартылуы, бұған жауын-шашынның аз болғанын қосыңыз». Ресми деректерге қарағанда, сол жылы Қызылорда облысы, Арал ауданына қарасты сегіз ауылдық ауданда 553 бас, оның ішінде 176 бас ірі қара, 376 жылқы мен бір түйе өлгені тіркелген.
“Онкологиялық аурулар бойынша Қызылорда өңірінің статистикасына көз жүгіртсеңіз, Шиелі мен Қармақшы аудандарының алда екенін байқайсыз, алайда мұның не себептен солай болып жатқаны зерттелмейді. Бір себебі болуы керек қой. Біздің медицина себебін анықтаудың орнына, салдарымен күреседі. Ресми деңгейде министрлерді шақырып, онкология ауруханасын салғанымызға мақтанамыз. Шын мәнінде бұл проблема ғой. Бұл ауруханалар ауру көбейгеннен кейін салынып жатыр”, – дейді қоғам белсендісі.
Нұрғожаев енді Сырдария өзеніне қатысты мәселе туып жатқанын алға тартты. Жалпы ұзындығы 2212 шақырым Сырдария трансшекаралық өзені Орталық Азияның төрт мемлекеті – Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан арқылы өтеді. Алайда өзеннің негізгі бөлігі, дәлірек айтқанда, 1627 шақырымы Қазақстан аумағында орналасқан.
Сырдария
Жергілікті халық өзенді дария деп атайды. «Жазда дарияда су тапшы болады. Халық содан қорқады, сусыз күніміз қараң ғой. Қыста өзен суға толады, қатып қалғаннан соң, Аралға жетпейді. Вегетация кезеңінде өзеннің жоғары бөлігінде орналасқан елдер егіс үшін суды көп алып, бізге жетпей қалады. Қыста диқандарға су қажет емес, ал “төменде” орналасқан Қызылорда суды қайда жіберерін білмей, су басады».
Сырдариядағы су тапшылығы туралы 2021 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан. «Трансшекаралық өзендер, әсіресе, Сырдария, Жайық пен Іле өзендерінің тайыздануы мен экологиялық жағдайының нашарлауы байқалады. Мұның бәрі көбіне көрші елдерден келетін су көлемінің азаюына байланысты, себебі ол елдердің өзінде су тұтыну көлемі артқан», – деді президент. Ол бұл кезде 120 каналды қайта жаңғыртуды және 9 жаңа су қоймасының құрылысын жалғастыруды тапсырған.
Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Сырдария өзенінің сулы болуы негізінен Қырғызстандағы Тоқтағұл су қоймасына байланысты екенін, соның арқасында қыс-көктем кезінде электр энергиясы өндірілетінін айтты.
Былтыр мемлекет су тапшылығын азайту үшін резервтен 3,6 миллиард теңге бөлді. Басқарманың мәліметіне қарағанда, бұл ақшаға 21 канал тазартылған, 133 сорғы қондырғысы сатып алынып, 52 ұңғыма бұрғыланған, былтырғы вегетация кезеңінде Шардара су қоймасында 10,779 млрд текшеметр су болады деген болжам жасалса, 13,027 млрд текшеметр су алынды. Су ресурстары комитетінің «Қазводхоз» ШЖҚ республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының қызылордалық филиалы Властьқа берген жауабында «Сырдарияның құрғауына байланысты жағдайды болжау қиын» деді.
«Күріштен түбегейлі бас тарта алмаймыз»
Сырдария суын үнемдеу үшін 2020 жылы экология министрлігі күріш егістігін қысқартып, үнемделген суды ылғалды көп қажет ететін дақылдарға жұмсауды ұсынды. Үш жыл бұрын күріш егістігінің жалпы аумағы 90 мың гектар болса, 2022 жылы 78,3 мың гектарға дейін қысқарды. Былтыр егін жинау науқаны аяқталғанда, 445 мың тонна күріш жиналды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда, 55 мың тоннаға аз.
Алайда бұл шешім өңірдегілер үшін қуанышты жаңалық болмады. Күріш егудің қысқаруы топырақтың сор тартуына әкеп соғады дейді осы салада сегіз жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Ақтөбе және К» ЖШС жергілікті күріш өсіруші компанияның директоры Нұрлан Іздібаев.
Оның сөзіне қарағанда, мұнда жер тұзды, бұрын күріш егілген жерлер басқа дақыл өсіруге жарамсыз. «Күріш алқаптарын бос қалдырып, бір түрден екінші түрге ауыстырып, арпа, бидай, жүгері деген басқа дақылдарды егетін болсақ, бұл танаптар өз деңгейінде қандай дақыл ексе де шықпайды, ал болашақта Қызылорда облысындағы бүкіл инженерлік-жоспарлы жерді жарамсыз етіп тынамыз. Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Тереңөзек аудандарында экологиялық ахуал мәз емес, жері тұзды. Сондықтан да бір жыл егілмей қалған жер екінші жылы тұзданып кетеді. Күріш топырақты тұзды етпейді, жер беті сумен шайылып тұрған кезде, оның тұздану пайызы өте төмен болады. Күріш егу арқылы жерді сақтап қалу – ғылыми дәлелденген жалғыз жол деп білемін. Сондықтан Қызылорда облысында күріш егістігін қысқартуды дұрыс емес деп білемін», – дейді Іздібаев.
Нұрлан Іздібаев
Ол күріш егетін жерлерді тегістеу арқылы суды үнемдеуге болатынын айтады: «Күріш толық пісемін дегенше бір гектарға 24 мың текшеметр су кетеді. Күріш суда кемі екі күн өседі. Проблеманың бірі – жердің тегіс болмауы: бір жерде су деңгейі күріштің бойынан асып кетеді, ал кей жерде ортасына да жетпейді. Олай болмауы үшін жерді тегістеуге 5 арнайы көлік сатып алдық. Мұндай егістік үшін 10 мың текше метр су да жеткілікті деп ойлаймын», – дейді күрішші.
Қоғам белсендісі Болат Нұрғожаев Сырдариядағы су көлемін арттыру үшін барынша жағдай жасау керек деп есептейді. «Күріштен түбегейлі бас тарта алмаймыз. Күрішшілер олай істей алмайды, олар қанша халықты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр, қанша техника сатып алған. Егін жинау науқаны біткен кезде, мұз қатпай тұрып, алдымен өзеннің төменгі ағысын, яғни Арал теңізін суға толтыру керек шығар?! Бастысы, Орталық Азия елдері мен облыстары тек өзін ойламай, әр өңірге қолайлы ортақ шешім қабылдаса», – дейді ол.
Суды аз қажет ететін күріш сорттарын өсіру – күріш өсіру технологиясы, жаңа сорттар шығару, оларды іріктеу, өсіру технологиясын жасау, өнімділігін арттырумен айналысатын І.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының негізгі міндеттерінің бірі.
Ғылыми-зерттеу институтының төрағасы Самалбек Қосанов бізді ескі ғимараттың алдында күтіп алды. Мұнда күрішші Ыбырай Жақаевтың құрметіне ескерткіш қойылған, қабырғада күрішшінің рекорды және институттың тарихы жазылған стенд тұр.
«Біздің қызметкерлер шығарған “Сыр сұлуы” сорты бар, ол су қолдануға келгенде үнемді. Оның вегетация кезеңі 105-110 күн, басқаларына қарағанда, бірнеше күнге аз. Дәмі де жақсы, бірақ жеңіл болғандықтан, жергілікті сатушылар ала бермейді. Бәлкім, маркетингті күшейту керек шығар, осы сортты алға шығару керек», – дейді Қосанов. Оның сөзіне қарағанда, «Маржан» және «Кубань» секілді сорттар бәсекелесе алмайды, қазір нарықта ресейлік «Янтарь» және «Лидер» көш бастап тұр.
Қосанов қызметкерлерінің білікті екенін, алайда жалақы мәселесі кедергі екенін айтады: «Қазір бұл істің нағыз фанаттары қалды, жақында ғана жақсы бір қызметкеріміз жұмыстан кетті, жалақысы аз болғасын, банктердің бірі ипотека бермей қойған. Біз күріш өндіру бойынша республикадағы жалғыз ғылыми-зерттеу институтымыз, алайда қазір жағдайымыз қиын, ғылымға жеткілікті назар аударылмайды. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетілді, олардың кейбірі монополист болып кетті, ал біз олардың көлеңкесінде қалдық. Олардың материалдық-техникалық базасы мен біздікін салыстыруға келмейді», – дейді институт төрағасы.
Әйтсе де, ол келешекте бәрі жақсы болатынына сенеді: “Болашақта өңірді толықтай дәнмен қамтамасыз етуіміз керек. Еліміздің экономикасын ілгерілетуге көмегіміз тисе, мақсатымызға жеттік деп білеміз. Мемлекет тұқым шаруашылығына және селекцияға қажет құрал-жабдықпан қамтамасыз етсе, осының өзі жеткілікті болар еді”.
Самалбек Қосанов
Құмды қала
Қызылорда Сырдарияның екі жағалауына қарай екіге бөлінген: оң жағалауда – ескі қала, сол жағалауда – 2015 жылы соғыла бастаған қаланың жаңа бөлігі. Ол кезде қызылордалықтарға 3 миллион шаршы метр үй мен 46 мыңнан астам пәтер болатын ауданы 1532 гектар болатын шығыс стиліндегі қала салып береміз деп уәде берген. Жобаның жалпы құны – 172 миллиард теңге. Мұның бәрі 2050 жылға қарай салынып бітуі керек, ол уақытқа дейін 155 мыңнан астам адамды үймен қамтамасыз ету уәде етілген.
Екі жағалауды жалғайтын көпір үстінде көліктер тоқтаусыз жүріп жатыр. Көпірдің арғы жағынан қызыл түсті бес қабатты үйлер көрінеді. Маршруткамен діттеген жерімізге жеттік. Оң жағымызда – оң жағалаудағы үйіне қайтуға автобус күткен студенттер. Ал олардың артында осы жердегі ірі оқу орындарының бірі – «Болашақ» университеті.
Тұрғын үйлер жағына беттеп барамыз. Адам қарасы көрінбейді.
Көп ұзамай, қарт анасымен және қызымен балшық кешіп келе жатқан Жанар Пірімжанованы кезіктірдік. Жанар мұнда былтыр көшіп келген: “Жолды көріп тұрсыздар ғой. Құрғақ, таза жермен ғана жүруге тырысамыз. Асфальтпен жүруге тырысамыз. Біз жаққа такси де келмейді, ал автобус тек орталық көшемен жүреді”, – дейді ол.
Пірімжанованың балалары оң жағалаудағы мектепте оқиды, өйткені сол жағалаудағы мектепте орын жоқ. Жақын маңда емхана да жоқ. Алайда Жанар жуырда бұл жағалауда бәрі болатынына сенеді.
«Жақында «Қызылорда» маркетін ашты, – дейді ол өзі келе жатқан жақтағы жаңа ғимаратқа сілтеп. – Бұған да рақмет».
Жанар өз пәтері орналасқан жаңа үйлердің сапасына шағынады: «Қыс бойы жылусыз отырдық. Сорғы орнатылмаған. Өзіміз 300 мыңға сатып алып орнаттық. Құмды желдің кесірінен тереземіз де шаң. Жыл бойы шаңда отырамыз», – дейді ол.
Балабақшаның алдында Лиза Абдуллақызын кездестірдік. Мұнда немересін бағуға келген, қызы осы жерге 2020 жылы көшіп келіпті. Жанар сияқты емес, Лиза апай үйі ыстық демейді: “Үйде шешініп жүреміз. Басқа үйлерде де жылу жақсы сияқты: бәрі жеңіл киінеді. Кейінгі жылдары берілген үйлер сапасыз деп жатқан”, – дейді ол.
Оның сөзіне қарағанда, жолды дұрыс салмағандықтан, мұнда күні-түні құмды жел тұрады.
Лиза Абдуллақызы Аралда туған. 1995 жылы Қызылордаға көшіп келген, өзі вокзалда, күйеуі құрылыс саласында жұмыс істейді.
«Ешкімнен еш жеріміз кем емес. Аш емеспіз. Іздеген адамға жұмыс табылады. Жалқауларға ғана жұмыс жоқ. Халық базарда сауда жасайды, торт, самса пісіреді. Қол қусырып отырған ешкім жоқ. Бәрі отбасын асырасам дейді. Үкімет жұмысын істеп жатыр. Бәлкім, жымқыратындар да бар шығар. Білмейміз ғой. Олар адамдардың өмірін жақсартқысы келеді, алайда кей заттар халыққа жетпей қалып жатады. Бастысы, соғыс болмасын, ел тоқ болып, балаларымыз аман болса».
Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, 2017-2022 жылдар аралығында 70 тұрғын үй, оның ішінде 3315 пәтер пайдалануға берілген. Басқарма биыл 300 орындық көпсалалы аурухана, 900 орындық мектеп, жатақханасы бар 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп салу жоспарын да айтты. Бірақ бұл жобаға бөлінген ақшаның қаншасы игерілгенін айтпады.
«Бәріміз осылай кете берсек, өңірде кім қалады, елді кім дамытады?»
«Қалада проблема көп. Оның ең негізгісі – экология және көгалдандыру. Бізде арық жүйесі жұмыс істемейді, коммуналдық мекеме амалдап тазартып жатқандай болады, бір аптадан кейін қарасаң, бәрі қайта толып қалады. Өйткені мұны ешкім бақыламайды. Неге басқа қалаларда мұндай проблема жоқ? Осының әсерінен ағаш та дұрыс өспейді», – дейді тәуелсіз заңгер, Қызылорда қаласының белсендісі Әділбек Жиенбаев.
Әділбек Жиенбаев Қазалы қаласында туған, 2015 жылы Қызылордаға көшіп келген. Қызылорда орталықтандырылған ыстық суы жоқ жалғыз қала екенін айтады. «Басқа облыс орталығының бәрінде орталықтандырылған су бар, Қызылордада ғана жоқ. Барлығы электр жылытқышпен жылытады. Су жоғарғы қабаттарға жетпейді. Міндетті түрде мотор қосып, судың қысымын жасанды түрде көтеру керек. Бұл проблеманы отыз жыл ішінде шешуге болар еді ғой».
Әділбек Жиенбаев
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бүгінде Қызылорда қаласы тұрғындарының бәрі орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген дейді. Су қысымына келер болсақ, шенеуніктер мұны «көпқабатты тұрғын үйлердегі су құбырларының жалпы техникалық жағдайы, суару маусымы кезінде жоғарғы қабаттарға көтерілген сайын әлсірейді» дегенді айтады.
Жиенбаев Байқоңыр ғарыш айлағының жалға берілгенінен жергілікті тұрғындар да пайда көруі керек дейді.
«Байқоңыр мәселесі экологиялық проблема тудырып отыр. Ғарыш айлағынан зымыран ұшырмауды немесе бұл шешімді адамдардың пайдасына қарай қайта қарастыруды қолдаймын. Жалға беру келісімшартына 1994 жылы қол қойылғанын білеміз, өзім де сол жерде белгілі бір уақыт жұмыс істегенмін. Ресей жыл сайын елімізге 115 миллион доллар төлейді. Байқоңыр, Қазалы, Арал төңірегінде өмір сүретін халық бұдан түк пайда көріп отырған жоқ. Оларды тым болмаса жыл сайын санаторийге тегін жолдамамен жіберіп тұру керек. Барлық ақша Астанаға кетіп жатыр. Жергілікті халық пайдасын көрмесе, ғарыш айлағын жауып тастасын. Немесе жаңа келісімшарт жасап, пайданың бәрі халыққа, олардың денсаулығына жұмсалсын».
Жергілікті танымал белсендінің бірі Жәмила Қасымхан әлеуметтік желіде өңір проблемалары туралы жиі жазады. Ол – әйелдер құқығы туралы митингті ұйымдастырушының бірі. Біз онымен жақында ашылған кофехада кездестік. Жәмила бұл тамақтану орнын әйел адам ашқанын, оның бизнесін қолдағысы келетінін айтады.
Белсендінің сөзіне қарағанда, Қызылордадағы көп проблема Facebook әлеуметтік желісінде пост жазғанда ғана шешіледі. Тұрғындар жазбасында қандай да бір проблема туралы айтып, тиісті органдардың парақшасын белгілейді. Ол осылайша өз ауданындағы жарық мәселесін шешуге мемлекеттік органдарды көндірген, жақында онда тротуар да салына бастаған.
«Мұның бәрі қарапайым нәрселер ғой, неге бұған осындай жолмен жетуіміз керек?» – деп таңғалады белсенді.
Жәмила Астана және Алматы секілді үлкен қалаларға көшуге мүмкіндігі болғанын, алайда мұнда өзін жайлы сезінетінін, Қызылорда қаласының дамуы үшін әлі де күрескісі келетінін айтады. «Балалар өседі, басқа қалаға не шетелге оқуға кетеді. Бәріміз осылай кете берсек, өңірде кім қалады, елді кім дамытады?»
Белсенді өңірдегі қаңтар оқиғасынан да хабар таратқан. Жәмила Қасымхан 4 қаңтар күні Aray City Mall сауда-саттық және ойын-сауық орталығына қарай барғанын есіне алды. Бұл жерде қызылордалықтар Жаңаөзен халқына қолдау көрсету үшін жиналған.
«Ондай кезде фейк пен манипуляция қаптап кетеді, сол үшін бәрін көзіммен көргім келді, шамамен күндізгі бірде сонда болдым. Полиция бірнеше адамды ұстап әкетіп, жиналғандар оларды босатпайынша, тарамайтынын айтты. Оларды босатты, кейін адам саны көбейді, бәрі “Газ – 50!” деп айқайлады». Оның сөзіне қарағанда, жиналғандар зейнеткерлер, көпбалалы отбасы мәселесі мен қала проблемасын көтерген.
Жәмила қалада ағаш аз екенін айта келе, Батырхан Шүкенов атындағы саябақта өзге белсенділермен бірге ағаш отырғызғанын еске алады: «Бірнеше аптадан кейін олардың суарылмайтынын білдік. Бәріміз мұны Facebook-те жаза бастадық. Кейін әкімдік қатесін түсінді. Басқа ағаштар отырғыздық, қазір олар бізден биік. Сол кезде қалаға көмектесе аламын, даусымды жеткізе аламын деген сенім пайда болды».
Бұл материал Власть порталының «Қазақстан аймақтары» атты ауқымды жобасы аясында жазылған. Бұл жобада біз Қазақстан аймақтары мен ірі қалалары арасындағы теңсіздік көрінісі туралы баяндаймыз, аймақтық дамудың қазіргі парадигмасын сыни тұрғыдан талдап, бәрін жақсы жаққа өзгертуге ұмтылып жүрген тұрғындар жайлы баяндаймыз.