Кейінгі жылдары Абдуқадыр әулеті күшейе түсті
2019 жылы OCCRP Абдуқадыр әулетінің сауда монополиясын әшкереледі. Ол парақорлыққа негізделген және контрабандаға құрылған болуы ықтимал. Содан бері олар бұрынғыдан да қуаттырақ бола түсті: Абдуқадырлар жаңа саяси байланыстар тауып, әлем бойынша миллиардтаған инвестициялық жобаларды қолға алды.
Зерттеудің маңызды тұстары:
- 2019 жылы Абдуқадыр әулетін тасадағы қаржыгер Айеркен Саймаити әшкере етті, отбасы оны Орталық Азиядан ақша жымқыруға жалдаған екен. Саймаити журналистерге көптеген құжатты табыстап, жұмыс берушілерін толықтай контрабанда империясын басқарды деп мәлімдеді.
- Олармен серіктес болған жоғары шенді шенеунік жауапқа тартылды, алайда Абдуқадыр отбасы бұдан еш залал тартпаған секілді.
- Олар әлемнің түкпір-түкпірінде тіркелген компаниялар арқылы жымқырылған жүздеген миллиондарды зәулім үйлер, қонақүйлер, зауыттар, базарлар мен басқа жобаларға инвестиция етіп құйды.
- Олардың бірнеше құрлықта активі бар, бірақ инвестициялық жобалары көбіне Орталық Азияда шоғырланған: Абдуқадыр отбасы туралы бәрі белгілі болса да, жергілікті билік өкілдері оларды құшақ жая қарсы алады.
- Абдуқадыр отбасын қолдаушылар қатарында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев бар.
OCCRP, «Радио Озодлик», Клооп және Власть
Дубай жағалауындағы 43 қабатты биік ғимарат. Самарқанның орталығындағы қымбат қонақүй. Лондондағы жеті жатын бөлмесі бар зәулім үй. Қазақстан қаласын жылумен қамтып отырған газ құбыры.
OCCRP, «Азаттық радиосы», «Клооп» және «Власть» басылымының бірлескен жаңа зерттеуі осы миллиардтаған долларлық активтің бәрі бір отбасына тиесілі екенін анықтады.
Саяси патронаж бен параның арқасында байыған Абдуқадыр әулеті құпияны сақтай алады. Ұйғыр отбасының мүшелері әртүрлі есімді қолданады, бірнеше азаматтық та алған. Әулетке қарасты компаниялардың көбінің сайты жоқ. Олар байланыстарын құпия ұстайды және мүлкін көбіне туыстары мен делдалдардың атына жаздырады.
Абдуқадырлардың төбе көрсетпеуіне негіз бар. 2019 жылы OCCRP, «Азаттық радиосы» мен «Клооп» бұл кланның қалай байығанын анықтаған: төрт бауырдың үлкені Хабибула Абдуқадыр жемқор кеден қызметкерлерінің көмегімен Қырғызстан, Өзбекстан мен басқа да елдерге Қытайдан тауар тасып, қомақты табыс әкелген сауда монополиясын құрған.
Кеден қызметкерлерінің жемқорлығы әшкере болған соң, Қырғызстан азаматтары жаппай наразылыққа шықты. Ақырында Абдуқадыр отбасымен жұмыс істеген шенеунік жемқорлыққа барғанын мойындады.
Бірақ Абдуқадыр отбасы жауапқа тартылған жоқ. Олардың Германия, АҚШ, Түркия және басқа да елдердегі контрабанда есебінен қаржыландырылған компаниялары сол күйі жұмыс істеп тұр. Абдуқадыр әулетінің заңсыз жолмен келген ақшаны қайда жібергені белгісіз.
OCCRP, «Азаттық радиосы», «Клооп» және «Власть» басылымдары кейінгі жылдары Абдуқадыр кланына қарасты кәсіпорындардың заңды жаңа кәсіп түрлеріне инвестиция құя бастағанын анықтады. Заңды тұлғалар реестрі мен жер кадастры, мемлекеттік инвестиция туралы мәліметтер, ішкі корпоративтік құжаттар және басқа да дереккөз Абдуқадырлар әртүрлі құрлықтағы жобалар мен қымбат активтерге кемі екі миллиард доллар құйғанын көрсетеді (құны белгісіз активтер есепке алынған жоқ).
Қаржының көп бөлігі Абдуқадыр кланына жақсы таныс Орталық Азия өңіріне жұмсалған. Аймақта тұрғын үйлер, кеден терминалы, тіпті ислам дінін зерттеу орталығы салынып жатыр. Абдуқадыр отбасы Өзбекстанда ірі шетелдік инвесторлар қатарына жатады. Абдуқадырлардың контрабандамен айналысып, ақша жымқыру схемасы жайлы үш жылдан астам уақыт бұрын белгілі болғанымен, жергілікті элита, тіпті президенттердің өзі бұл отбасын құшақ жая қарсы алған.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеёв елде реформа жүргіземіз деген сансыз уәдесіне қарамастан, жаңа инвестор мен оның заңсыз жолмен келген миллиондаған қаржысын кері қайтармады: Абдуқадыр кланы бастаған жобалардың бірқатары мемлекеттік қолдауға ие болды, оның ішінде салық жеңілдігі, жер учаскесі, жарнама да бар. Бірақ бұл қолдаудың да өз құны бар. Журналистердің анықтауынша, Мирзиёевтің туыстары Абдуқадырдың кей жобаларына қосалқы инвестор болған.
Жақында Хабибула Абдуқадыр Қырғызстанда көзге түсті. Абдуқадыр кланының қылмысы әшкереленгенде, елде бірқатар саяси өзгеріс болған. Наурызда Хабибула Абдуқадыр Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен бірге жаңа мешіт пен үлкен тұрғын үй кешені құрылысының басталуына орай өткен екі салтанатты шараға қатысты. Бұл екі жоба да Абдуқадырлардікі болып шықты.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (ортада сол жақта) пен Хабибула Абдуқадыр (ортада оң жақта) Бішкектің іргесіндегі мешіттің бірінші кірпішін қалау рәсіміне қатысып жатыр
Абдуқадырларды зерттеп жүрген Ольстерс университетіндегі криминология профессоры Кристиан Ласслетт олардың инвестициясы Өзбекстанның саяси бостандығы мен экономикасына зиян тигізетінін айтады.
«Мирзиёевтің үкіметі халықаралық аренада заманауи әрі реформистік бедел жасап алған, — деп түсіндіреді ол. — Алайда мұндай инвестициялар… клептократияға азық болады. Еркін нарықтық экономика бұлай жұмыс істемеуі керек. Бұл жай ғана саяси қамқорлық».
«[Осындай] саяси және экономикалық инвестиция жасағанда жүйе нығайып, тереңдей түсетіні анық. Ал оны сақтап қалу үшін халықтың артық сұрақ қоймағаны маңызды».
АҚШ-тың бұрынғы дипломаты және заңсыз экономикаға қарсы Халықаралық коалицияның атқарушы директоры Дэвид М. Луна «жемқорлықпен күрес үздіксіз жүруі керек» дейді.
«Автократияда сыбайлас қылмыскерлердің ықпалы билеуші элитаны қалтасын қампайтып, лас ақшаны айналымнан шығаруға итермелейді, — дейді ол. — Ал клептократия үстемдік ететін демократиялық елдерде жемқор шенеуніктердің билікті асыра пайдалануы көбінесе заңсыз билік жүйесін нығайтады және экономиканың күйреуіне әкелетін тұрақсыздық тудырады».
Журналистер жобада көрсетілген 50-ден астам адамға, компаниялар мен мемлекеттік ұйымдарға пікір білдіруді өтініп сауал жолдады. Барлығы дерлік жауап берген жоқ, олардың қатарында президент Мирзиёевтің кеңсесі бар. Абдуқадырлар Хабибула Абдуқадырдың электронды мекенжайына жіберілген сұрақтарды алғанын растады, бірақ кейінірек жауап бере алатынын айтты.
Қырғызстан президенті Садыр Жаппаровтың баспасөз хатшысы «Қырғызстан барлық инвесторға ашық екенін», сондай-ақ олар «ел экономикасының түрлі саласына расымен инвестиция салғысы келетіндердің бәрімен жұмыс істеуге дайын екенін» айтты.
Контрабанда империясын Абдуқадырларға жұмыс істеп, ақша жымқырумен айналысқан адам әшкереледі
Журналистер Хабибула Абдуқадыр құруған болуы мүмкін контрабанда империясы туралы алғаш рет Айеркен Саймаитиден естіді, ол — 2019 жылы журналистермен байланысқа шыққан ақша жымқыру маманы.
Саймаити көп құжатты көрсетіп, Абдуқадыр кланына Орталық Азиядан әртүрлі елдердегі шоттарына жүздеген миллион доллар қаржы шығарып бергенін айтқан.
Журналистермен соңғы кездесуінен кейін бірнеше аптадан соң оны Стамбұлда атып кетті. Оны атуға бұйрық бергендерді әлі күнге дейін тапқан жоқ. Саймаити журналистерге Абдуқадырлар схемасын әшкерелеуге жеткілікті ақпарат беріп үлгерді.
Кланның табысты жұмыс істеуіне Қырғызстанның сол кездегі кеден қызметі басшысының орынбасары Райымбек Матраимов көмектескен. Оның қоластындағы қызметкерлер Абдуқадырлардың көліктерін кеденнен қиындықсыз өткізіп, бәсекелестердің жүгін тежеп отырған. Осының арқасында Абдуқадыр отбасы Қытайдан Орталық Азияға тауар жеткізетін сауда жолдарына монополия орнатып, қыруар табыс тапқан.
Табыстың көп бөлігі Ташкенттің айналма жолында орналасқан «Абу Сахий» базарынан түсетін. Қырғызстан арқылы жеткізілетін контрабандалық тауарлардың негізгі бөлігі осы жерде сатылатын.
Кейін оларға Өзбекстанда тапқан қаржысын қауіпсіз жолмен шетелдік шоттарға шығару қажет болған. Саймаитидің айтуы бойынша, қолма-қол ақшаны жүк көлігінің дөңгелегіне жасырып, жан-жағынан қорғап, шекара арқылы Қырғызстанға жеткізген. Одан кейін қарулы адамдар ақшаны Саймаитиге апарған. Ол ақшаны жергілікті банктердегі шоттарына салып отырған. Бәрі заңды көрінуі үшін жалған құжат жасап, ақшаны Қырғызстандағы базарынан түсті деп көрсеткен.
Енді ақшаны шетелге шығару керек. Саймаити бұл үшін кейде аз қамтылған отбасынан шыққан адамдарды, мәселен, такси жүргізушілерін пайдаланатын. Олар қолма-қол ақшаны сөмкеге салып, Стамбұлға жеткізетін.
Банктер ақшаның қайдан келгені жайлы қалай өтірік айтып келді // Журналистердің қолына түскен АҚШ Қаржы министрлігінің құжаттарына қарағанда, Саймаити жіберген көп ақша аударымы күмән туғызған, дегенмен бұл схеманың жұмыс істеуі жалғаса берген.
Қаржының көп бөлігін әртүрлі алаяқтық сызбалардың көмегімен ақша аударымдары арқылы шетелге шығарған.
Журналистердің қолына түскен жалған келісімшартқа сәйкес, Саймаитидің Қырғызстандағы базары Абдуқадырдың Невададағы компаниясына 50 миллион доллар несие берген.
Бұл күмәнді көрінді: базар иелерінің бірі сауда нашар жүргенін, жылдық ақша айналымы 3 миллион долларға да жетпегенін айтады. Бірақ банк ақша аударымдарына рұқсат бергеніне қарағанда, құжат сенімді көрінген сияқты.
Саймаити Абдуқадыр отбасына Қырғызстаннан кемі 700 миллион доллар заңсыз ақша шығарып берген.
Жымқырылған қаржының көп бөлігі Орталық Азияға қайта құйылған
Саймаитиді біреулер өлтіріп кеткеннен кейін журналистер ол берген құжаттарды қарап, Абдуқадыр отбасының шетелге шығарылған ақшаға сатып алған мүлкін тапты. Атап айтсақ, Дубайдан вилла, АҚШ-тан үй сатып алған.
Алайда бұл Саймаитидің шетел асырған қаржысының аз бөлігі ғана. Қалған ақша қайда?
Бұл сұраққа жауап табуға журналистердің бір жылдан аса уақыты кетті.
Қаржының негізгі бөлігі Біріккен Араб Әмірліктерінде табылды. Абдуқадыр отбасының БАӘ-дегі холдинг компаниясы Саймаити жымқырған ақшаның кемінде 95 миллион долларына Дубайдан екі зәулім үй құрылысын бастаған. Фирма 24 қабатты қонақүй салуды жоспарлап отыр.
Ақшаның көп бөлігі шыққан жеріне қайтып оралған көрінеді. Журналистердің дерегі бойынша, Саймаитиден миллиондаған доллар ақша алған Абдуқадырларға тиесілі компаниялар (бұл туралы 2019 жылдан бері белгілі) Орталық Азиядағы табысты жобалар мен дамып келе жатқан бизнестің инвесторы атанған.
Көп компанияның қаржы есебі құпия сақталады, сондықтан инвестицияға Саймаитиден түскен қаржыны жұмсады деп дөп басып айту қиын. Бірақ Абдуқадыр отбасының Германия мен Ұлыбританиядағы компанияларының қаржы есебі олардың коммерциялық қызметпен айналыспайтынын және басқа қаржы көздері жоқ екенін көрсетеді.
Журналистер Абдуқадыр кланына қарасты Германиядағы фирмалардың бірінің банк құжаттарын қолға түсіріп, жолы болды. Сол құжаттардың арқасында бұл отбасының Орталық Азиядан шығарған қаржысы қайта оралғаны белгілі болды.
Саймаити ұсынған құжаттарға сәйкес, AKA Immobilien (кейін атауы AKA Group болып өзгерді) компаниясына кемі 17 миллион доллар аударылған. Бұл қаржының қайда кеткені құпия еді. Бірақ кейін Қырғызстан кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Матраимов пен Абдуқадырлардың сыбайласы OCCRP ұйымының екі серіктесі — «Азаттық радиосының» қырғыз қызметі мен «Клооп» басылымын сотқа берді де, құпияның беті ашылды.
«Азаттық» қорғау процесіне дайындық кезінде (нәтижесі сәтті болған) АҚШ сотынан Саймаитидің ақша аударымдарын растайтын банк құжаттарын беруді сұрады. Осы құжаттар арасында AKA Immobilien компаниясының Германиядағы шотының кіріс-шығыс деректері де болды.
Бұл деректер Саймаитидің миллиондаған доллар қаржы аударғанын растаумен қатар, бұл ақшаның кейін қайда жұмсалғанын да көрсетті. Шотқа түскен ақша бірден Абдуқадыр отбасының Қазақстандағы AIBI-I компаниясына аударылған. Қаржы айналымы былай жұмыс істеген:
- 2014 жылы 27 мамырда Саймаити AKA Immobilien компаниясына екі рет: 500 001 және 500 000 доллар аударған. Үш күннен кейін AKA Immobilien компаниясы AIBI-I компаниясына 1 миллион доллар жіберген.
- 2014 жылы 9 қыркүйекте Саймаити AKA Immobilien компаниясына тағы 500 мың доллар салған. Дәл сол күні AKA Immobilien AIBI-I компаниясына 500 мың доллар аударған.
AIBI-I және Абдуқадыр отбасына тиесілі AIBI атауы бар басқа да компаниялар — кланның Қазақстандағы жобаларын, соның ішінде Қонаев қаласын жылумен қамтамасыз ететін газ құбыры, кемінде екі зауыт, бірнеше тұрғын үй кешені, тіпті ислам дінін зерттеу және насихаттау орталығын жүзеге асыруға арналған құралдар. (Ақша аударымдарында корреспондент-банк ретінде қызмет етіп келген Deutsche Bank-те AKA Immobilien шоты болған. Deutsche Bank OCCRP журналистеріне заң бойынша нақты бір клиенттері туралы сұраққа жауап бере алмайтынын айтты).
Алайда Абдуқадыр әулетінің Орталық Азияға салған инвестициясының басым бөлігі Өзбекстанда шоғырланған. Онда бұл ақшаны тұрғын үйлер, зауыттар, қонақүйлер, мешіттер мен кеден терминалына құйған.
Осылайша Абдуқадыр отбасының бақылауындағы Германиядағы AKA Petroleum компаниясы Саймаитиден түскен ондаған миллион доллар пайда көріп, оны Ташкенттегі «Абу -Сахий» базарын сатып алуға жұмсаған, бұл — клан байлықтың едәуір бөлігін тапқан жер. Базарды ұзақ жыл бойы Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың күйеубаласы басқарған. 2017 жылы Каримов қайтыс болғаннан кейін бір жылдан соң «Абу -Сахий» базарын Абдуқадыр отбасы сатып алды. Қазір бұл алып базар кланның Орталық Азиядағы сауда желісінің орталығына айналды.
Қазір Абдуқадырларды Өзбекстан мен Қырғызстанда «шетелдік инвестор» деп атайды
Абдуқадырлар ақшасын заңдастырып алғаны соншалық, қазір кланның Орталық Азиядағы көп жобасын маңызды шетелдік инвестор ретінде көрсетеді.
Ташкент әкімдігі кланның Өзбекстандағы құрылыс материалын шығаратын зауыттарының бірі жайлы арнайы видео шығарды, онда үйдің төбесін жабатын темір, сэндвич-панель мен әйнек зат сияқты құрылыс материалын шығаратын зауытты «озық технологиямен жұмыс істейтін, жабдықталған», «325 жұмыс орнын құрған» «шетелдік кәсіпорын» ретінде таныстырады.
Абдуқадырлардың кемінде 1,5 миллиард доллар инвестициясын үкімет (қазіргі және жоспардағы ақша көлемі) «тікелей шетелдік инвестиция» деп атайды. Бір қызығы, бұл шындыққа жанасады, өйткені бұл қаржы Абдуқадыр отбасының Түркия, Германия мен басқа да елдердегі компанияларынан түскен.
«Олар мұның бәрін ашық түрде жасайды. Бұл ақылға сыймайтын нәрсе, — дейді криминология профессоры Кристиан Ласслетт. — Бұл шетелден келетін лас ақшаның бір бөлігі ғана».
«Олар [Өзбекстанды] көлеңкелі ақшаны инвестициялау үшін қауіпсіз жер деп санайтыны айқын. Зерттеу барысында анық көзім жеткен нәрсе: керек адамға ақша төлеп, оны еншілес етсе, ешкім артық сұрақ қоймайды. — дейді ол. — Сондай-ақ, тексеру жөнінен де алаңдамаса болады».
Президент Мирзиёевтің кеңсесі Ташкент орталығындағы ірі коммерциялық, сауда және тұрғын үй кешенін белсенді түрде жарнамалап келеді.
Басқа жобаларға сияқты бұл жобаға да мемлекеттен жер бөлінген. Абдуқадырлардың бірқатар зауыты арнайы экономикалық аймақтарда орналасқан. Оларға салық және басқа жағынан жеңілдіктер беріледі.
Олардың тағы бір артықшылығы бар: үкімет Абдуқадырдың кеден терминалы мен Ташкент халықаралық әуежайындағы логистика орталығының нарықта басымдыққа ие болуына көмектескен сияқты.
Мирзиёевтің Қазақстанға тарту еткен Түркістандағы «түркі әлемінің рухани астанасы» жобасының артында да Абдуқадыр кланы бар.
2019 жылы желтоқсанда Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа ауқымды құрылыс жобасы басталды: қала шетінде ислам дінін зерттеу орталығын сала бастады. Ғимараттың алғашқы кірпішін қалау салтанатына сол кездегі премьер-министр Асқар Мамин қатысты.
20 мың шаршы метр жерге 5000 адамға арналған ислам дінін зерттеу және насихаттау орталығы салынып жатыр. Орталық аумағында медресе, кітапхана мен конгресс-холл болады.
Бұл президент Мирзиёевтің бастамасы болғанымен, құрылыс алаңына қойылған ақпараттық стендке қарағанда, жобаны жүзеге асыруға Абдуқадыр отбасы жауапты. Құрылысты отбасы ортақ иелік ететін компания жүргізеді, девелопер де солар.
Хабибула Абдуқадырдың Қырғызстан президентімен көпшілік алдына шығуы тіпті қызық көрінді.
Қырғызстанның қазіргі президенті Садыр Жапаров белгілі бір дәрежеде Абдуқадырлар туралы бұрынғы зерттеуіміздің арқасында осы дәрежеге жетті деуге болады.
Абдуқадырлардікі болуы мүмкін астыртын империяны және сол кезде маңызды рөл атқарған Қырғызстан кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовтың қылмысын әшкерелегенімізде, Қырғызстан халқы наразылық білдіріп, көшеге шықты. Бір жылдан кейін Матраимов қолдаған саяси партия даулы парламент сайлауында екінші орынға ие болды. Қырғызстан халқы қарсылық білдіріп, сайлау қорытындысының күшін жойды. Парламенттің бұрынғы мүшесі, адам ұрлады деген айыппен түрмеде отырған Жапаров сахна сыртындағы саяси ойындарының көмегімен президент болды.
Ол Қырғызстандағы жемқорлықты жоюға уәде берді. Жапаров билікке келгенде, Райымбек Матраимов Абдуқадырмен байланысын мойындап, жазасының өтеуі ретінде мемлекетке бірнеше мүлкін берді.
Ал енді астыртын империя қызметін ұйымдастырған болуы ықтимал Хабибула Абдуқадыр маңызды шетелдік инвесторға айналған сияқты.
Өткен айда ол президент Жапаровпен бірге екі іс-шараға қатысты: Бішкек іргесіндегі мешіт пен қала орталығындағы тұрғын үй кешенінің бірінші кірпішін қалау рәсімі. Бұл жобалар Абдуқадырларға тиесілі.
«[Абдуқадырдың] бұрынғы президенттермен қарым-қатынасына келсек, бұл мәселе мені қызықтырмайды,— дейді Жапаров. — Бастысы, олар іздеуде болмаса және оларға қылмыстық іс қозғалмаған болса болды. Керісінше, Қырғызстанға ақша құюға дайын адамдарға қызығамын. Ондай кісілерді қошеметтеп қарсы аламын».