ҚПҚ екпесіне қатысты тағы не білуіміз керек?
Алдыңғы материалдарда қызылшамен ауырған балалар туралы және індеттің қалай пайда болатыны туралы айтқан едік. Бұл бөлімде қызылша, паротит және қызамыққа қарсы (ары қарай ҚПҚ) Қазақстанда қолданылатын үндістандық екпе мен оның аналогтары жайында сөз қозғаймыз. Егер баланың желатинге аллергиясы болса, не істеу керек? Екпені дайындау үшін адам жасушасын қолданатыны рас па? Екпе аутизмнің себебі болмаса да, триггері болуы мүмкін бе?
Неге ҚПҚ екпесін салдырсақ та, қызылшамен ауыруымыз мүмкін?
Қазақстанда жұқпалы қызылша, паротит және қызамық ауруларының алдын алу үшін Serum Institute of India Ltd компаниясының біріктірілген екпесі қолданылады. Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша қосымша иммундау кезінде де, яғни індет кезінде осы екпе егіледі.
Қазақстанда қызамыққа қарсы жаппай егу 2003 жылдан бастап біріктірілген ҚПҚ екпесінің бөлігі ретінде енгізілді. Ал бұған дейін қызылша мен паротитке қарсы моноекпелер қолданылатын. Сол кезде 15 жастағы қыздарға қызамыққа қарсы моноекпелер салды, бірақ кейін жалпы ҚПҚ-мен иммундау үшін тоқтатылды. Ал қызамыққа қарсы екпені қыздармен қатар ұлдарға да салудың неліктен маңызды екенін алдыңғы материалда айтқанбыз.
ҚПҚ-ны Қазақстанда екі рет егеді. Баланың 9-12 айлығында және 6 жасында. Екі екпе де ағзаның иммундық қорғанысын нығайту үшін керек.
Serum Institute of India Ltd компаниясының ҚПҚ екпесін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған және оны әлемнің 70 елінде қолданады. Оның ішінде Еуропа елдері де бар. Екпенің құрамында әлсіреген микроорганизмдер, яғни ауру қоздырғыштары болғандықтан, бұл тірі екпелер тобына жатады. Екпенің мұндай құрамы қажетті иммундық қорғаныс қалыптастыруға көмектеседі және балаға осы үш аурудың бірі жұқса, ауыр асқынудан қорғайды.
Тірі екпелерде болатын қатаң қарсы көрсетілімдер ҚПҚ-ға қарсы екпеде де бар. Оны жүктілік кезінде, иммун тапшылығы кезінде (клиникалық белгілері бар АИТВ – V анықтамасы), қан құйылған кезде және гаммаглобуллин қолданып жүргенде егуге болмайды. Барлық қарсы көрсетілімді Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сайтындағы ҚПҚ екпесінің сипаттамасынан көруге болады.
Ешқандай екпе аурудан 100% қорғамайды. Бұл ҚПҚ екпесіне де қатысты. Жүргізілген зерттеулер екпені екінші рет салғанның өзінде, оның әсері 95-97% болатынын көрсетеді. Демек, қажетті иммундық қорғаныс қалыптаспаған 3-5% адам қызылшамен ауруы мүмкін. Бірақ ол кезде ауру жеңіл өтіп, ешқандай асқынуға ұласпайды.
Үндістандық екпе қауіпсіз бе, оның қандай баламасы бар?
Барлық жерде қолданылатын ҚПҚ-ға қарсы біріктірілген екпенің үш түрі бар. Оның екеуі барлық елде рұқсат етілген, ал Serum Institute of India компаниясы шығаратын үнділік екпені ДДСҰ преквалификациялаған.
Преквалификация деген не? Бұл – дәрілік заттардың тиімділігі мен қауіпсіздігін тексеретін жаһандық бағдарлама. Ол, бірінші кезекте, фармөндірістің аудит деңгейі жеткіліксіз дамушы елдерге көмектесуге бағытталған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің екпе сатып алу үшін қоятын міндетті талаптарының бірі де осы – «ДДСҰ-ның преквалификациясы». Бұл мәртебе қандай да бір жағымсыз салдардың қаупін айтарлықтай азайтады.
Біздің елде жаппай иммундау үшін ҚПҚ-ға қарсы үнділік екпе қолданылады. Қазір Serum Institute of India («Үндістанның сарысу институты» деп аударылады) – шығарылған және сатылған доза саны бойынша (1,5 миллиардтан көп) әлемдегі ең ірі екпе өндіруші. Статистика бойынша, әлемдегі балалардың 65%-ына осы өндіруші шығарған кемінде бір екпе салынады. Бұл екпелерді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аккредиттеген, және олар әлемнің 170 елінде қолданылады.
Serum Institute of India компаниясы Covid-19-ға қарсы екпе дайындаушы басты өндірушілердің қатарында және mRNA екпелері үшін ультра-суық тізбек құру бойынша жұмыс істейді.
1993 жылы осы екпе шыққаннан кейін, табысы орташа және төмен елдер ҚПҚ-ға қарсы жаппай екпе салдыруға мүмкіндік алғанын айта кеткен жоқ. Бұл екпе батыстық екпенің арзан әрі сапалы баламасы болды.
Үндістандық және еуропалық екпелердің құрамы мен өндіру технологиясында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Жалғыз айырмашылығы – Priorix(R) екпесінде желатин қолданылмайды. Жалпы үндістандық екпе дамушы елдер үшін қолжетімдірек және батыстық екпелердің сапалы баламасы бола алады. Ол миллиондаған балаға салынып, тексерістен өтті.
Баланың желатинге аллергиясы болса ше?
Екпенің құрамындағы желатин көп ата-ананы алаңдатады. Желатин – тауық, ірі қара мал, шошқа және балық сияқты жануарлардың коллагенінен алынатын зат. Коллаген сіңірде, буында, сүйекте және шеміршекте болады. Екпе ұзақ уақыт жарамды болуы үшін желатинді тұрақтандырғыш ретінде қолданады. Бірақ тұрмыста қолданатын желатин мен екпеде қолданатын желатин екі бөлек нәрсе екенін ескеру керек. Фармөндірісте қолданатын желатин өте жоғары деңгейдегі тазартудан өтеді, яғни оны пептидтер деп аталатын өте кішкентай молекулаларға ыдыратады. Дәрі жасауда қолданылатын желатиннің кез келген түрі қатаң қауіпсіздік стандарттарын сақтай отырып қолданылады.
Желатиннің құрамын немесе тұрақтандырғыштың түрін өзгерте аламыз ба?
Екпе әзірлегенде оның қауіпсіздігі мен тиімділігіне кепілдік беру үшін ұзақ жыл бойы зертханалық сынақ жүргізу керек. Өндіруші екпенің тұрақтандырғышын таңдағаннан кейін оған сәл де болсын өзгеріс енгізсе, клиникалық зерттеулерді қайта жүргізу қажет болуы мүмкін. Сондықтан басқа тұрақтандырғыш қолданылатын қауіпсіз әрі тиімді жаңа екпе жасауға бірнеше жыл керек.
ҚПҚ-ға қарсы барлық жерде қолданатын екпелердің ішінде желатин Merck компаниясының MMR VaxPro екпесінде және Қазақстанда қолданылатын Serum Institute of India компаниясының екпесінде бар.
Егер адам шошқа өнімінен мүлде аулақ болғысы келсе және желатинге сезімталдығы жоғары болса, құрамында желатин жоқ Priorix(R) екпесін қолдана алады.
Екпені жасау үшін неге абортталған эмбрион жасушаларын қолданады?
ҚПҚ-ға қарсы екпедегі әлсіз штаммдарды адам мен жануар жасушасында өсіру арқылы алады. Мысалы, екпеде қолданылатын паротит вирусының штаммы тауық эмбрионында өсірілген. Сондықтан оларға тауықтың дәнекер ұлпасының (немесе фибробластарының) жасуша дақылы қолайлырақ. Ал үндістандық екпедегі қызылша мен қызамық вирусының штаммы адамның фибробластарында өсірілген. Жасуша вирустың көбею ортасы ретінде қызмет атқарады. Кейін әлсіз вирустарды жасуша дақылынан бөліп алып, екпеге қосады.
Жасуша дақылы деген не? Бұл белгілі бір типтегі жасушаларды көбеюге ыңғайлы, стерильді, стандарт жағдайда өсіру. Осы жағдайды бір қалыпта ұстап тұру үшін қоректік заттардың (глюкоза, дәрумендер, амин қышқылдары және т.б) стерильді қоспасы (сүзгіден өткен) бар орта керек. ҚПҚ-ға қарсы барлық екпенің құрамында қалдық мөлшерде антибиотик неомицин сульфаты болады (бір дозаға шамамен 25 мкг). Ортаның стерильдігін сақтау үшін жасуша дақылына осы антибиотикті қосады. Сондықтан неомицинге аллергиясы бар адамдарда ҚПҚ екпесіне қарсы көрсетілім бар екенін ескеру керек. Алайда неомициннің мұндай аз мөлшерін алу үшін екі порция сиыр етін не бір литр сүт ішу керек. Яғни осындай аз дозаның ешқандай терапиялық әсері болмайды және ол уытты емес.
Абортталған материалға келейік. Кез келген жасуша линиясы үшін донор керек. Эмбриондардан алынатын жасушаның артықшылығы – олардың бөліну қабілеті. Ересек адамның жасушасынан өміршең жасуша линиясын жасау әлдеқайда қиын. Біріншіден, олар – нашар бөлінеді (яғни бірнеше рет бөлінгеннен кейін, бөліну шегіне жетеді де, жасуша линиясын жаңадан құру керек болады), екіншіден, оларда вирус болуы мүкін, яғни стерильді дақыл алу қиынға соғады. ҚПҚ құрамындағы қызамықтың әлсіз вирусы WI–38 (Wistar институтының атауына байланысты) жасуша линиясынан алынды. Бұл линия үшін қажет жасушалар 12 аптада абортталған эмбрионның өкпесінің фибробластынан алынған. Тақырыпты дұрыс түсінбегендіктен, абортталған материалдың айналасында түрлі алыпқашпа әңгіме пайда болады. Бұл материалды алу үшін өндірушілерге жаңа аборт керек емес. Жасуша линиясы 1964 жылы Швецияда алынған және оны бүкіл әлем қазірге дейін қолданады. Материалды алу үшін баланың ата-анасын ешкім аборт жасауға мәжбүрлеген жоқ. Жасуша дақылын алу үшін бұл эмбрион қандай да бір онкологиялық немесе тұқым қуалайтын аурулары жоқ сау ата-ананың, қалыпты дамып келе жатқан сау ұрығы болғандықтан таңдалды. Әлсіз вирустардың дамуына жағдай жасау өте қиын. Ал дәл осы жасуша линиясының арқасында қызамық вирусына қолайлы жағдай жасай алдық.
Әр ауруға (қызылша, паротит және қызамыққа) жеке-жеке моноекпе салған жеңіл емес пе?
Жоқ, мұның бірнеше себебі бар. Бірінші әрі негізгі себеп – баланың ағзасы бір мезетте 10 000 антигенге жауап бере алады (антидене қалыптастыруға көмектесетін ауру қоздырғышының бөліктері – V анықтамасы). Қарапайым тұмау кезінде ағза шамамен он антиденемен кездеседі, ал ангинада – 50! Мұның қасында ҚПҚ-ға қарсы екпе иммунды жүйемізді үш вирустың 24 антигенімен таныстырады. Сондықтан иммундық жүйеге шамадан тыс жүк түседі деу бос әңгіме. Оған қоса күнтізбемізде тазартылған екпелер көбейіп келеді. Сол үшін қазіргі антигендердің жалпы саны, айталық, 30 жыл бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда аз екенін ескеру керек.
ҚПҚ-дағы антигендер санының аздығы оны басқа екпелермен бірге (АКДС, Пентаксим, Гексаксим – V анықтамасы), «әсері азаяды» немесе «асқыну болады» деп қорықпай, бір күнде салуға мүмкіндік береді.
Екінші себеп – екпе санының аздығы, яғни баланың да, ата-ананың да уайымы азаяды. Үшіншіден – ауруханаға азырақ келеді, демек екпеге жергілікті реакцияның болу ықтималдығы да азаяды.
ҚПҚ-ға қарсы екпе аутизмнің триггері немесе себебі болуы мүмкін бе?
1998 жылы танымал медицианалық The Lancet журналында «Балалардың мықын лимфа түйіндерінің гиперплазиясы, сипатты емес ойық жаралы колиті және олардың дамуының жан-жақты бұзылуы» деген мақала жарияланды. Ағылшын хирургі Эндрю Уэйкфилдтің осы мақаласы тигізген зиянды айтып жеткізу мүмкін емес. Әлемде өршіген қызылша індетін, өсіп келе жатқан бедеу некелердің санын және патологиямен туған балалардың санын ҚПҚ-ға қарсы екпеден бас тартқандардың қатары көбейгенімен байланыстыруға болар еді. Бірақ алыпқашпа әңгіме мен болжам деңгейіне түскіміз келмейді, сондықтан статистикалық іріктеу туралы тағы бір айтып өтейік.
Эндрю Уэйкфилдтің зерттеуіне 12 бала қатысқан. Оның зерттеу нәтижелерін әртүрлі елдегі тәуелсіз зерттеушілердің он екі тобы растауға тырысты. Олар қызылша, паротит және қызамыққа қарсы екпе алған және алмаған жүз мыңдаған баланы зерттеп шықты. Нәтижесінде аутизммен ауыру қаупі екі топта да бірдей болды.
Біраз уақыт өткен соң, лондондық Sunday Times газетінің журналисі Брайан Дир Уэйкфилдтің мақаласындағы бірнеше баланың ата-анасы фармацевтикалық компаниямен соттасқанын анықтайды. Олар қызылша, паротит, қызамыққа қарсы екпеден кейін балалары аутизмге шалдыққанын айтып, бұған компанияны кінәлаған. Оған қоса Дир сотта балаларды қорғаған, денсаулыққа зиян келтіру ісі бойынша адвокат Ричард Баррдың мақала үшін Уэйкфилдке 440 000 фунт стерлинг (шамамен 800 000 доллар) төлегенін және медициналық журнал арқылы талаптарын заңдастырғанын анықтайды. Мақаланы Уэйкфилдпен бірге жазған авторлар ақша туралы естігенде, 13 автордың 10-ы ресми түрде авторлықтан бас тартады. Олардың ешқайсы қызылша, паротит және қызамыққа қарсы екпенің аутизммен байланысы туралы гипотезаға қатысты болғысы келмеді.
2010 жылы медициналық The Lancet журналы Эндрю Уэйкфилдтің мақаласын қайтарып алады. Сол жылы Бас медициналық кеңес Уэйкфилдті Ұлыбританияда медициналық практика жүргізу құқығынан айырып, медициналық тіркеу тізімінен шығарды.
Өтірік әшкере болса да, қорқыныш қалып қойды. Осыдан кейін де ҚПҚ-ға қарсы екпе мен аутизмнің арасындағы байланысты бірнеше зерттеу жоққа шығарды. Бірақ көп ата-ана бұдан ғана емес, қызылша, паротит және қызамыққа қарсы екпе қандай да бір неврологиялық алғышарттар кезінде триггер болуы мүмкін деп қорықты. Шын мәнінде триггер болатынын немесе болмайтынын анықтау үшін Данияның Денсаулық сақтау министрлігі көпжылдық ғылыми зерттеу жұмысын бастады.
Зерттеуге 657 461 бала қатысты. Олар – 1999 жылдан бастап 2010 жылдың 31 желтоқсанына дейін Данияда туған балалар. Кейін бұларды 2013 жылдың 31 тамызына дейін бақылайды. Ауқымды зерттеудің нәтижесі 2019 жылы жарияланды. Ғалымдар ҚПҚ-ға қарсы екпе аутизмге бейім баланың өзінде аутизм тудырмайды деген қорытындыға келген.
Бұл материалды дайындау барысында төмендегі деректер қолданылды:
1. Қазақстанда қолданылатын ҚПҚ екпесінің аннотациясы
2. 2020 жылы жарияланған, 23 миллионнан астам адам қатысқан 138 зерттеудің деректерін қамтитын Кохран кітапханасына жүйелі шолу
3. ДДСҰ-ның 2017 жылғы есебі
4. ҚПҚ-ға қарсы екпе өндіруші – Serum Institute of India Pvt. Ltd.
5. Serum Institute of India және Covid-19-ға қарсы екпе өндірісі
6. ДДСҰ: иммундау мен екпелердің қауіпсіздігі туралы сұрақ-жауап
7. Пол Оффиттің «Өлімге әкелетін таңдау. Екпемен күрес бәрімізге қандай қауіп төндіреді?» кітабындағы Эндрю Уэйкфилд пен ҚПҚ екпесінің аутизммен байланысы туралы әңгімеден үзінді
8. Балалар аутизмі мен ҚПҚ екпесінің арасындағы байланыс туралы даниялық зерттеу
Материалда айтылған ой авторларға тиесілі және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі мен АҚШ-тың халықаралық даму бойынша агенттігінің ресми көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.